Мейірімділік акциясы- «Мектепке жол»
Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асыруда. Иә, қай кезде де мемлекет баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы кезекті жолдауында «2022 жыл – Балалар жылы» деп аталды, яғни, барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінеді.
Сарысу аудандық орталық ауруханасының кәсіподақ бастауыш ұйымының төрайымы Айткүл Рысбекқызының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында, аурухана қызметкерлерінің мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге арналған іс-шара ұйымдастырылды.
Салтанаттық жиында аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Қыдырбаев оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндерге "Ақ жол" тіледі. «Мектепке жол» акциясы бойынша 48 бүлдіршінге мектеп сөмкелерін табыстады. Жиын соңында ата-аналар аурухана басшылығына өз алғыстарын білдірді.