Сібір жарасынан сақтаныңыз!
Сібір жарасы (күйдіргі) – аса қауіпті жұқпалы дерт. Аурудың адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары (ірі қара мал) болып табылады. Көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады.
Сібір жарасы теріге, өкпе мен ішекке әсер етеді. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік түрінде бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсис түрінде 6-8 күнге дейін созылады. Аурудың терілік түрінде қабыршақ (карбункул) айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көмір тәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімталдық мүлде болмайды. Лимфа түйіндері ұлғаяды. Адамда ауру көп жағдайда терілік түрі болады.
Сібір жарасының алдын-алу үшін жыл сайын ауруға қарсы екпе алу керек. Әсіресе, ет комбинаттары мен мал сойып, өңдейтін нысандарда, мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер, тері-жүн өңдеумен айналысатындар, етті тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, қатысатын адамдар міндетті түрде ауруға қарсы вакцина салдырғандары дұрыс.